Атыраудағы жаяу жүргіншілер өткелінде жатқан екі қыз жауапқа тартылды (ВИДЕО)

Бүгін, 17:50 / Інжу Әлихан
Атырау облысы ПД

Атырауда полиция жаяу жүргіншілер өткелінде қауіпті видео түсірген екі жас қызды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 5 қарашаға қараған түні болған. Қала тұрғындары 18 және 21 жастағы екі қыз «зебраның» үстіне жатып, көлік қозғалысына кедергі келтірген. Кейін белгілі болғандай, олар мұны әлеуметтік желіге «контент үшін» жасаған.

«Полицейлер құқық бұзушылардың жеке тұлғасын анықтап, оларды бөлімге жеткізді. Олардың әрекеті жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу ретінде бағаланып, екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті.

Ведомство мұндай «лайк үшін жасалған шоулар» қатысушылардың да, жүргізушілердің де өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін атап өтті.

«Жаяу жүргіншілер өткелі – ойын-сауық орны емес. Мұндай әрекет – креатив емес, қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін құқықбұзушылық», – деді полиция өкілдері.

Құқық қорғаушылар азаматтарды, әсіресе жастарды, күмәнді интернет-трендтерге ермеуге және жол қозғалысы ережесін бұзудың салдары қандай болатынын есте сақтауға шақырды.