Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Экология департаментінің «А.» ЖШС-не қатысты қызметін тоқтату туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
ЖШС-нің негізгі қызметі – қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу. Экология департаментінің тексерісі барысында экологиялық нормалардың бұзылғаны анықталып, ағынды суларда 8 ингредиент бойынша шекті концентрациялардың асырылғаны белгілі болды. Сонымен қатар Байзақ ауданындағы полигонда жануарлардың биологиялық және қауіпті медициналық қалдықтарының орналастырылғаны анықталды.
Аталған бұзушылықтарға байланысты талап қоюшы сотқа кәсіпорын қызметін бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтату туралы талап қоюмен жүгінген.
Жауапкер талаппен келіспей, кемшіліктерді жою жұмыстары басталғанын көрсеткен. Алайда қайталап жүргізілген тексеру барысында кемшіліктердің жойылмағаны анықталды.
Сот ұсынылған дәлелдерді зерттей келе, Экологиялық кодексінің нормаларын басшылыққа алып, талап қоюды қанағаттандырды.
«А» ЖШС-нің қызметі барлық бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатылды.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.