Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағы: Сот қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі деп таныды

Бүгін, 16:49 / Алуа Арман
ТЖМ

Алматыда 2019 жылдың желтоқсан айында болған Bek Air әуе апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шешімді төрағалық етуші судья Дастан Алмағамбетов жария етті.

«Қаза тапқан ұшқыштар Марат Мұртабаев пен Мейіржан Молдақұловты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі — “Ауа көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу” — бойынша кінәлі деп танылсын, бірақ олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмайды», – деді судья.

1,7 миллион теңге көлеміндегі іс жүргізу шығындарын мемлекет өз мойнына алады.

Bek Air компаниясының мүлкіне салынған тыйым азаматтық істер бойынша шешім қабылданғанға дейін сақталады.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талап қою құқығын мойындап, өтемақы мөлшерін анықтау мәселесін азаматтық іс жүргізу тәртібімен қарауға жолдады.

Жәбірленушілер жалпы 4,8 миллиард теңге көлемінде өтемақы талап етіп, азаматтық істер қозғаған.

Тэгтер:

ұшақ апаты ұшқыш