Май мен қанттан бірден бас тарту алкогольге тәуелді етуі мүмкін

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Зиян тағамнан бірден бас тарту денсаулыққа пайдалы шешім деп санаймыз. Алайда ғалымдар мұндай күрт өзгерістің күтпеген салдарын анықтады. Alcohol: Clinical and Experimental Research журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижелері бойынша, май мен тәттіге бай тағамды бір сәтте тастау ішімдікке деген құмарлықты арттыруы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу кезінде ғалымдар лабораториялық тышқандарды алдымен жоғары калориялы, май мен қант мөлшері көп тағаммен қоректендіріп, кейіннен бірден пайдалы диетаға ауыстырған. Нәтижесінде, кеміргіштер мінез-құлық тесттерінде судың орнына алкогольді жиі таңдаған.

Мамандардың түсіндіруінше, бұл құбылыстың басты себебі – ішек микрофлорасының бұзылуы. Диета күрт өзгергенде ағзадағы пайдалы бактериялардың балансы бұзылып, жүйке жүйесіне әсер ететін химиялық заттардың түзілуі өзгереді. Мұның салдарынан ми «жұбаныш» пен «қуаныш» сезімін бұрынғыдай тамақтан емес, басқа көзден, мысалы, алкогольден іздей бастайды.

Адам зиянды, бірақ әдетке айналған тағамнан бірден бас тартқанда, оның ішек бактериялары бұл өзгеріске қарсы “бұзылады”. Сол ішкі теңгерімсіздік ішімдікке деген құмарлықты күшейтуі мүмкін, – дейді зерттеу авторлары.

Ғалымдар салауатты өмір салтына біртіндеп көшу қажеттігін баса айтады.

Диетаны күрт өзгертудің орнына, зиянды өнімдердің үлесін азайтып, ағзаға бейімделуге уақыт берген жөн. Бұл ішек микрофлорасын тепе-теңдікте ұстап, психологиялық күйзелісті де азайтады, – делінген зерттеу қорытындысында.

Мамандардың пікірінше, әсіресе бұрын ішімдікке бейім адамдар үшін мұндай өзгерістер өте сақтықты қажет етеді: дұрыс тамақтануға біртіндеп көшу ғана денсаулыққа да, психикаға да пайдалы нәтиже береді.

Тэгтер:

қант алкоголь май