Жол апатын жасап, үш адамның қазасына себепкер болған жүргізуші сотталды

Бүгін, 15:41 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай облысының тұрғыны 2025 жылғы 30 мамырда «Қарабұтак–Қостанай» автожолында «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлігімен келе жатып, рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, өз жолағымен келе жатқан «Volvo FH» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салдарынан «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің үш жолаушысы ауыр дене жарақаттарынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды, тағы бір жолаушы ауыр жарақаттарымен Денисов аудандық ауруханасына жеткізілген.

Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындады.

Жәбірленуші тарап жазаны соттың қарауына қалдырып, азаматтық талаптарын қолдады.

Сот үкімімен жүргізуші кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және көлік құралдарын басқару құқығынан 5 жылға айыру жазасы тағайындалды.

Жаза қылмыстық-атқару жүйесіннің қауіпсіздігі барынша төмен  мекемесінде өтелетін болды.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Тэгтер:

Жол апаты Автокөлік Қостанай