Елнұр Бейсенбаев: Бұдан былай мемлекет банктерді құтқармайды

Бүгін, 15:14 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Бүгін Мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Елнұр Бейсенбаев банк секторының қазіргі жағдайы мен реформаның басты мақсаттарына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанның банк жүйесі тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы тұтынушыларының құқығын қорғау тұрғысынан қауіп-қатерге тап болып отыр.

– Кейінгі мәліметтерге сәйкес, халық пен бизнес субъектілерінің екінші деңгейлі банктер алдындағы жалпы қарызы 38,7 триллион теңгеге жеткен. Оның 24 триллионы жеке тұлғаларға, ал соның 70 пайызы – тұтыну несиесі. Егер микроқаржы ұйымдарын және квазимемлекеттік құрылымдарды қоссақ, жалпы берешек көлемі 48 триллион теңгеге жетіп отыр, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, азаматтардың шамадан тыс қарыз жүктемесі – қазіргі ең өзекті әлеуметтік және экономикалық қауіптердің бірі.

Бейсенбаев банктерді сауықтыру мен қолдауға 2009–2020 жылдары 8,2 триллион теңге жұмсалғанын еске салды.

– Президент осы жылдың басында осы қаражаттың қайтарылуын талап етті. Бүгінде бұл талапты тек үш банк – Halyk Bank, ForteBank және Bank CenterCredit орындады, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, жаңа заң жобасы банк секторындағы философияны түбегейлі өзгертуді көздейді.

– Бұдан былай банктерді бюджет есебінен құтқару тәжірибесі тоқтатылады. Оның орнына алдын ала сауықтыру тетігі енгізіледі. Қаржылық тұрақтандырудың ауыртпалығы енді салық төлеушілерге емес, банктердің акционерлеріне жүктеледі. Егер мемлекет банктің үлесін алатын болса, бұрынғы акционерлер басқару құқығынан айырылады және дивиденд төленбейді, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар, заң жобасында мінез-құлықтық қадағалау тетігі қарастырылған. Бұл банктердің клиенттерге әділ қызмет көрсетуін бақылауға және мәжбүрлі өнім ұсынуға тыйым салуға бағытталған.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы банк заңы осыдан 30 жыл бұрын қабылданған, сондықтан қазіргі заманғы цифрлық және финтех үрдістерді толық қамтымайды.

– Біз банк ресурстарын нақты экономикаға, кәсіпкерлікті дамыту мен инновациялық қаржы технологияларына бағыттауымыз керек. Банк жүйесі экономиканың қозғалтқышы болуы тиіс, ал оның басты капиталы – халықтың сенімі, – деді ол.

Тэгтер:

Заң Мәжіліс банк мемлекет