Неліктен бойдақтардың өмір сапасы төмен? – зерттеу

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Personal Relationships журналында жарияланған жаңа зерттеу бойдақтардың өмір сапасы мен денсаулығы отбасылы ададарға қарағанда төмен болатынын көрсетті. Ғалымдар бұл айырмашылықтың АҚШ пен Жапониядағы мәдени және отбасылық факторларға байланысты әртүрлі болатынын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz psypost.org-ке сілтеме жасап.

Зерттеуге АҚШ-тағы MIDUS және Жапониядағы MIDJA ұлттық сауалнамаларының деректері пайдаланылған. Барлығы 30 жастан асқан 4 746 адам қамтылды. Ғалымдар некелі және ешқашан тұрмыс құрмаған адамдардың денсаулық жағдайын, өмірге қанағаттануын, отбасынан көретін қолдау мен қысымды салыстырды.

Нәтижесінде екі елде де бойдақ адамдар өздерін денсаулығы төмен және өміріне аз қанағаттанатын деп бағалаған. Бұл бұрынғы көптеген зерттеулердің нәтижесін растайды неке адамның физикалық және психологиялық әл-ауқатына оң әсер етеді.

Алайда айырмашылықтар бар:

АҚШ-та жеке өмірге еркін көзқарас қалыптасқандықтан, бойдақтар көбіне достары мен туыстарымен белсенді қарым-қатынас орнатқан.

Жапонияда болса, отбасы мен некеге қоғам ерекше мән береді. Сондықтан жалғыз адамдар жиі әлеуметтік қысым сезінеді және өзін «толық емес» адам ретінде қабылдауы мүмкін.

Зерттеу авторы, Сингапур менеджмент университетінің психологы Лестер Сим былай дейді:

«Бойдақтық – өмірдің толыққанды кезеңі, бірақ қоғам оны әлі де күмәнмен қабылдайды. Бұл көзқарас, әсіресе, отбасы құндылықтары жоғары елдерде айқын байқалады».

Ғалымдар отбасынан алынатын эмоциялық қолдау мен сынның деңгейі адамның өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Отбасы тарапынан түсіністік пен қамқорлық жоғары болған сайын, бойдақ адамдар да өздерін әлдеқайда бақытты сезінеді.

Тэгтер:

зерттеу бойдақ өмір сапасы