Жамбыл облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Бүгін, 14:01 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жамбыл облысында полицейлер Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында мал ұрлығының алдын алу және анықтау шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері 41 адам мал ұрлығын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 27 адамнан құралған 10 қылмыстық топтың әрекеті белгілі болды. Кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде ұрланған малдың 68 пайызы иелеріне қайтарылды. Сонымен қатар мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаған 464 азамат жауапкершілікке тартылды. Мал жаю ережелерін бұзған 2083 тұрғынға тиісті шаралар қабылданды. 

— Мал ұрлығының басым бөлігі малдың қараусыз қалуынан туындайды. Азаматтардың өз малын қадағалап, сақтық шараларын жасауы — қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы. Осы бағытта өңірде мал және ет саудасы орындарында «Малды қорғаудың бес қадамы» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде оң көрсеткіштер байқалуда, – деді ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Юсупов.

Полиция азаматтарды малды қараусыз қалдырмауға, жайылым мен қора-жайларды бақылауда ұстауға және күдікті әрекеттер байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.