Алматыда бір түнде 17 жол-көлік апаты болды

Бүгін, 11:42 / Алуа Арман
Алматы қаласының Полиция департаменті

Алматыда сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, апаттардың басты себептері — қашықтықты сақтамау, жылдамдықты арттыру.

— Алғашқы қар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін сынаққа айналады. Мұндай жағдайда жолдың беті тайғақ болып, тежеу жолы ұлғаяды. Алайда көптеген көлік иелері ауа райы мен жол жағдайын ескермей, бұрынғы жылдамдықпен қозғалысын жалғастырады. Барлығын аса мұқият болуға, жылдамдықты төмендетуге, кенет маневр жасамауға және жолдағы қауіпсіздік әр адамның өзіне байланысты екенін есте сақтауға шақырамыз, — деді қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция өкілдері суық маусымның басталуына байланысты көліктерді алдын ала қысқы жағдайға дайындап, жүйелердің жарамдылығын тексеріп, жазғы дөңгелектерді қысқысына ауыстырудың маңыздылығын еске салды.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өтерде абай болуды, жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдануды және жолды рұқсат етілмеген жерден өтпеуді ескертті.

Айта кетейік, Алматыда алғашқы қар 4 қараша күні кешке жауды.

Тэгтер:

Алматы жол-көлік апаты алғашқы қар