Астана қаласында мас күйінде көлік жүргізді деген ақпарат тараған судьяның ұсталуына байланысты қалалық сот ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәлімдемеде судьялардың әділ сот төрелігін жүзеге асыру кезінде олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін ерекше құқықтық мәртебесі бар екені, алайда бұл мәртебе оларды құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктен босатпайтыны атап өтілген.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар Ішкі істер министрлігі тарапынан Бас прокуратураға жолданды. Бас прокуратура белгіленген тәртіпке сәйкес судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін ұсынысты Жоғары сот кеңесіне енгізеді. Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі, кадрлық іріктеу, тағайындау және қызметтен босату мәселелері Қазақстан Республикасының дербес мемлекеттік органы – Жоғары сот кеңесінің құзыретіне жатады», – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Сот жүйесінде атап өтілгендей, барлық тексерулер заң аясында қатаң түрде жүргізіледі, ал заңдылық, әділдік және барлығының заң алдында теңдігі қағидаттары тұлғаның лауазымына немесе мәртебесіне қарамастан өзгеріссіз қалады.
Еске сала кетсек, 1 қараша күні шамамен 04:30-да Астанада жол-патрульдік полиция қызметкерлері «Хан Шатыр» сауда орталығының маңында қозғалып келе жатқан Mazda-6 көлігінің жүргізушісін тоқтатқан. ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, рөлде азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың қызметтегі судьясы болған.
Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында әйелдің алкогольдік мас болу белгілері анықталған.