Омбы – Майқапшағай тасжолында Азия чемпионы көз жұмды

Бүгін, 10:36 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Омбы – Майқапшағай тасжолында қайғылы оқиға болды. Жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып, 19 жастағы бирма боксы бойынша Азия чемпионы Нұрмұхамбет Тұрарбеков қаза тапты. Жас спортшы жарыстан кейін достарымен және бапкерімен бірге Астанадан қайтып келе жатқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

КТК мәліметінше, қайғылы жағдай өткен жексенбіде болған. Toyota Avensis көлігінде үш студент-спортшы — Нұрмұхамбет Тұрарбеков, Рефхат Оңдабай мен Рүстембек Әбдімәліков және олардың бапкері отырған. Көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында үшеуі, соның ішінде жүргізуші көз жұмған. Алдын ала мәлімет бойынша, апаттың алдында рөлге студенттердің бірі отырған, себебі бапкер ұзақ жолдан кейін аздап демалмақ болған.

Alikhan Bokeikhan University оқу орнында болған жағдай үлкен күйзеліске себеп болды.

“Олар әрдайым білімге деген құштарлығымен ерекшеленетін. Спортпен айналысатын. Спортқа деген қызығушылықтары ешқашан оқуына кедергі келтірмейтін, сондықтан Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында қатысуға шақыру келгенде, университет тарапынан оларды жарысқа жіберуге рұқсат бердік. Өкінішке қарай, мұндай қайғылы жағдай болады деп ешкім ойламады”, – деді Alikhan Bokeikhan University проректоры Азамат Азатов.

Нұрмұхамбет Тұрарбековпен Семей қаласында қоштасқан. Оның жолдастарының денелері туған жерлеріне – Абай және Түркістан облыстарына жіберілді. Бапкер ауыр бас және іш жарақаттарымен үш күн жансақтау бөлімінде болды. Қазір оның жағдайы тұрақталған, дәрігерлер оны жалпы палатаға ауыстыруды жоспарлап отыр.

“Көкбауырдың жарылуы және ішкі қан кету, геморрагиялық шок жағдайы. Науқасқа шұғыл түрде көкбауырды алып тастау (спленэктомия) операциясы жасалды. Бүгінгі күні науқастың жағдайы тұрақты. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде. Жақын уақытта хирургиялық бөлімге ауыстырылмақ. Қазіргі кезде өміріне қауіп төндіріп тұрған белгілер жоқ”, – деді Семей қаласының шұғыл медициналық көмек ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Базар Төлеуов.

Тэгтер:

Жол апаты Азия чемпионы тасжол трасса Омбы Майқапшағай