Ақмола облысының киберполиция қызметкерлері алаяқтық схемаға қатысқан курьердің жеке басын анықтады. Ол Көкшетау қаласының екі зейнеткерінен жалпы сомасы 7,7 миллион теңге алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға қалай болған?
Оқиғалар биылғы жылдың қыркүйек айында орын алған. Белгісіз адамдар Көкшетаудың екі қарт тұрғынына қоңырау шалып, олардың немерелері жол-көлік оқиғасының кінәлісі атанды деген жалған ақпарат берген. «Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін» алаяқтар ірі көлемде ақша талап еткен.
Сасып қалған зейнеткерлер бұл әңгімеге сеніп, қаскөйлерге өз жинақтарын берген. Бірінші жағдайда әйел 4,1 миллион теңге, ал екіншісінде 3,6 миллион теңге тапсырған.
«Зейнеткерлердің үйіне белгісіз қыз келіп, ақша салынған пакеттерді алған. Кейін ол алған қаражатты дропперлердің банк шоттарына жіберіп, өзі бұл «оңай жұмыс» үшін сыйақы алған», — делінген ПД хабарламасында.
Күдікті қалай табылды?
Жедел-іздестіру шаралары барысында CyberPol қызметкерлері күдікті қыздың жеке тұлғасын анықтаған. Оның жасы 20-да екені белгілі болды, ал жұмысты ол Telegram арнасы арқылы тапқан.
Қазіргі уақытта оның екі алаяқтық эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Алдын ала тергеу жүргізілуде.