Батыс Қазақстанда жастарды дроппер болуға мәжбүрлеген күдікті ұсталды

Бүгін, 09:34 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Батыс Қазақстанда банктік шотты заңсыз иеленіп, оны басқару арқылы рұқсат етілмеген төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұйымдастырушылар уақытша табыс табу ретінде жастарға екінші деңгейлі банктерден өз атына шот ашуды ұсынған.

Интернет-банкингтің мобильді қосымшалары орнатылғаннан кейін шоттарға кіру қылмыскерлердің бақылауына өткен.

Мұндай әрекеттерге қатысқан тұлғалар – «дропперлер» 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырған.

Олардың атына ашылған шоттар арқылы интернет-алаяқтық құрбандарынан түскен қаражат аударылып отырған.

Заңсыз айналымдағы қаражаттың жалпы көлемі 17 млн теңгеден асқан.

Эпизодтардың бірінде банктік картасы бұғатталғаннан кейін бір дроппер заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартқан.

Қылмыстық топтың қатысушылары оны күштеп ұстап, қорқытып, шотқа қайта кіруді қалпына келтіруді талап еткен.

Қазіргі уақытта ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, соттың санкциясымен қамауға алынған.

Тергеу жалғасуда.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Тэгтер:

күдікті Қылмыстық топ алаяқтық Батыс Қазақстан дроппер