Майлы сүт жүректі қорғайды: америкалық ғалымдар тосын тұжырым жасады

4 қараша, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жас кезден майсыз емес, майлы сүт ішкендердің қан тамырлары әлдеқайда сау болып шықты. Бұл The Journal of Nutrition журналында жарияланған Миннесота университетінің 25 жылдық зерттеуінің нәтижесі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар 18-30 жас аралығындағы 3 110 еріктінің денсаулығын 1985 жылдан бастап бақылады. 15-, 20- және 25-жылдары олардың жүрек артерияларындағы кальций жиналуын, яғни ерте атеросклероз белгілерін тексерді. Зерттеу соңында 904 адамда тамырларда кальций шөгіп, инфаркт пен инсульт қаупі артқаны анықталды.

Алайда ең қызығы, майлы сүт өнімдерін жиі тұтынғандардың тамырлары әлдеқайда таза болған. Олардағы кальцификация қаупі майсыз сүт ішкендерге қарағанда 24 пайызға төмен болып шықты.

Зерттеудің жетекшісі Итан Кэннон бұл нәтижелер бұрынғы диеталық ұсынымдарға қайшы екенін атап өтті:

«Біз ондаған жыл бойы майлы сүт жүрекке зиян деп келдік. Алайда біздің деректер керісінше – табиғи сүтті толық құрамымен тұтынуы пайдалырақ екенін көрсетеді», – дейді ол.

Ғалымдар мұны өнімнің құрамындағы табиғи майлар мен басқа да биологиялық белсенді заттардың өзара әсерімен түсіндіреді. Яғни, тағамның толық құрылымы ағзаға жеке май компоненттерінен әлдеқайда күрделі әсер етеді.

Мамандардың пікірінше, бұл зерттеу тағы бір диеталық төңкерістің бастауы болуы мүмкін, дәл сол сияқты, бірнеше жыл бұрын «жұмыртқаның зияны» мифі де теріске шығарылған еді.

Тэгтер:

ғалым сүт майлы