BYD басшысы аккумулятордағы сұйықтықты ішіп, компанияның тағдырын өзгерткен, деп хабарлайды turkystan.kz elpais.com-ға сілтеме жасап.
Бұл біраз жыл бұрын оқиға болғанымен, енді белгілі болды. 2008 жылы Қытайдың болашақ миллиардері Ван Чуаньфу инвесторлардың алдында күтпеген әрекет жасаған: ол BYD компаниясының аккумуляторындағы электролит сұйықтығын ішіп, өз өнімдерінің қауіпсіз екенін дәлелдеді. Бұл сәт Уоррен Баффеттің назарын аударып, әйгілі инвестор компанияға 232 миллион доллар инвестиция құюға шешім қабылдады.
Сол кезде BYD шағын аккумулятор зауыты ғана болатын. Бүгінде ол әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісіне айналды: үш миллионнан астам электр және гибридті көлік сатады, өнімдерін 60 елге экспорттайды және Tesla компаниясының өзінде қолданылып жүрген Blade батареяларын шығарады.
Forbes дерегі бойынша, Ван Чуаньфудың жеке байлығы шамамен 24 миллиард долларды құрайды. Ол Қытайдың жаңа байлар буынына жататын кәсіпкерлердің бірі, ол кедей отбасында туып, ғылыми білім мен табандылығының арқасында миллиардер атанған тұлға.
BYD компаниясы алғашында телефондарға арналған батарея өндірісінен басталып, 2000-жылдардың ортасында автокөлік нарығына кірді. 2008 жылы алғашқы гибридті және электр көліктерін таныстырғанда, бұл шешім көптеген инвесторларға тәуекелді болып көрінген. Бірақ Ван Чуаньфу өзіне сенді, нәтижесінде, бір жылдан кейін Уоррен Баффет пен Чарли Мангераның сенімін ақтап, BYD-дің акциялары бес есеге қымбаттады.
Бүгінде BYD Tesla-ны сатылым көлемі бойынша басып озды. Ал 2011 жылы «олардың өнімі түкке тұрғысыз» деген Илон Маск 2024 жылы BYD көліктерінің «өте бәсекеге қабілетті» екенін мойындады.