Семей қаласында XXVI Халықаралық «Көзге Ертіс моңнары» татар өнері фестиваль-байқауы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәдени іс-шара – дәстүрлі түрде өткізілетін, әр жыл сайын түрлі елдерден келген жас орындаушыларды біріктіретін беделді өнер додасы.
Байқауға Қазақстан, Ресей және басқа да мемлекеттерден келген 140-тан астам жас талант қатысып, вокал, аспаптық орындау және халықтық музыка бағыттары бойынша бақ сынады. Олардың қатарында Павлодар музыкалық колледжінің студенттері де өз өнерін паш етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Музыкалық колледждің гитара және баян сыныбының студенттері халықаралық сахнада ерекше өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Әлихан Манап 13–15 жас аралығындағы орындаушылар санатында бірінші орын иегері атанды. Ол башқұрттың халық әні «Янгали» туындысын ерекше шеберлікпен орындап, көрермен мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді. Енді Әлихан фестивальдің гала-концертінде өнер көрсетіп, өз аймағының намысын тағы бір мәрте қорғайтын болады.
Рауан Қанат пен Мадияр Рахимов 16–19 жас аралығындағы қатысушылар арасында екінші дәрежелі лауреат атанса, Максим Татарченков осы жас санатында үшінші орын иеленді.