Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «AI-Art: Бояудағы болашақ» атты шығармашылық пленэрде салынған суреттер көрмеге қойылды.
Жұртшылық назарына кәсіби қылқалам шеберлері Мәлік Қайдаров, Құрманғазы Ақашев, Ернат Иманбакиев, Нұрболат Талғатұлы, Айдос Сейдақұл, Мәлік Жұмағұлов, Бақтияр Бүркітбаев, Төлеген Сүлейменов, Серік Тайнов, Нұрлан Сатаев, Серік Ағатаев, Ақмарал Қажыбек, Перизат Тайнова, Тұрғын Абдурахман және басқа да суретшілердің 30-ға жуық жұмысы ұсынылды.
Майлы бояумен салынған туындыларда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жылдың төрт мезгіліндегі көрінісі бейнеленген. Университеттің сәулеттік келбетімен қатар, оның рухани орталықтары мен оқу ғимараттары қамтылған.
Көрме жұмысымен ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев танысып, суретшілердің туындыларын жоғары бағалады. Ректор өз сөзінде мұндай мәдени жобалардың жастар арасында ұлттық құндылықтар мен бейнелеу өнерін дәріптеуге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар оқу ордасының басшысы қыс-көктем айларында университет қалашығында қайтара пленэр ұйымдастыруды тапсырды.
«Пленэрге қатысушы суретшілер ҚазҰУ-дың көрінісін жоғары деңгейде бейнелеген. Бұл туындылар оқу ордасындағы 16 факультетке және кітапханаға қойылып, көшпелі көрме жұмысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ алдағы уақытта ҚазҰУ базасында қолөнер, сурет орталығын ашу аса маңызды», – деді ректор.
Айта кетейік, биылғы 23 қазанда ҚазҰУ-да «AI-Art: Бояудағы болашақ» атты аспан астындағы шығармашылық пленэр өткен болатын.