Прокуратураның қадағалауымен Ұлттық ұланның сотталғандарды тасымалдауға арналған шығындары қысқартылды , деп хабарлайды turkystan.kz.
Бас әскери прокуратура сотталғандар мен қамаудағыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын арнайы теміржол вагондарын жалға алуға жұмсалған шығындардың заңдылығы мен негізділігін тексерді.
Соңғы бес жылда тасымалдау қызметінің құны төрт есеге өскен, бұл жалпы тасымалдау шығындарының айтарлықтай артуына әкелген.
Ұлттық ұланға жалдау шартының талаптарын қайта қарау және шығындарды оңтайландыру шараларын қабылдау туралы қадағалау актісі енгізілді.
Қадағалау актісін қарау нәтижесінде Ұлттық ұлан жалдау шарттары мен тасымалдау бағыттарын өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Бұл биылғы жылы 300 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Әскери прокуратура органдары бюджет қаражатының заңды және тиімді пайдаланылуын қадағалау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.