Талдықорғанда жеңіл автокөлік әскери жүк көлігімен соқтығысты

Бүгін, 10:39 / Алуа Арман
Фото: t.me/halyqstan/

Жетісу облысындағы автожолда әскери жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Жол-көлік оқиғасы күндіз Алматы – Өскемен республикалық трассасында, Талдықорған қаласындағы ипподром маңында болған. «Урал» маркалы әскери жүк көлігіне жеңіл автокөлік соғылған. Сол сәтте жүк көлігінде әскери қызметшілер мен мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздар болған. Жүк көлігінен секіріп түскен әскери қызметші асфальтқа құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, зардап шегушінің жағдайы тұрақты екені хабарланды.

Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты туралы ақпаратты растады.

«Алматы – Өскемен автожолында «Урал» және Toyota автокөліктері соқтығысты. Жолаушылардың бірі жарақат алды, алайда дәрігерлердің тексерісінен кейін үйіне жіберілді. Басқа зардап шеккендер жоқ. Екі көлік те механикалық зақымданған. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», – делінген хабарламада.

Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды аса мұқият болуға, жол ережелері мен жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырды.

Тэгтер:

Жүк көлігі Жол апаты Автокөлік сарбаз әскер жеңіл көлік