Ақтөбе облысындағы 12 адамның өмірін қиған жол-көлік апатынан зардап шеккен екі адам медициналық мекемеден шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Екі пациент емханадан шығарылды, үшеуі облыс орталығындағы стационарда жатыр. Олардың ішінде: баланың жағдайы өте ауыр деп бағалануда, бір ересекке ота жасалды, тағы біреуі толық ем алып болған соң шығаруға дайындалып жатыр», – деп мәлімдеді Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 23 қазан күні Самара – Шымкент автожолында, Белқопа елді мекенінің маңында DAF жүк көлігі мен «Газель» жолаушылар көлігі соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен.
Жол апатының салдарынан оқиға орнында екі жүргізуші мен «Газельдің» 10 жолаушысы қаза тапты, тағы алты адам әртүрлі жарақаттар алып, Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді.