Қазақ қызы Қытайдың мемлекеттік сыйлығын иеленді

Бүгін, 09:08 / Інжу Әлихан

Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын қытайтілді қазақ жазушысы Анар Зинуарбекқызы "Бин Син" атындағы мемлекеттік әдеби сыйлықтың иегері атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Санвэнь (эссе) жанрына арналған әдеби сыйлық жазушыға «600 шақырым сапар жолында» атты тұңғыш жинағы үшін «Үздік эссе жинағы» номинациясы бойынша берілген.

Жинаққа енген эсселерінде автор туған жерге сағыныш, туыстық қарым-қатынас, дала суреті, қазақтың ұлттық тағамдары және қала өмірі жайлы жазады.

«Анардың эсселері қазақтың ән-күйлері секілді қоңыр әуезді және жүрекке жылы, өн бойынан көк шалғын мен ақша бұлттың иісі аңқып тұрады», – деп бағалаған екен көрнекті қытайлық жазушы, сыншы Лю Лянчэн.

Ашық дереккөздерден белгілі болғандай, Анар Зинуарбекқызы Іле Қазақ автономиялық облысының Күнес ауданында өмірге келген. Көркем шығармашылықпен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Туындылары «Батыс», «Ұлттар әдебиеті» сияқты беделді басылымдарда жарық көрген.

"Мао Дун" және "Лу Син" атындағы әдеби сыйлықтармен қатар аталатын "Бин Син" әдеби сыйлығы – Қытайдың көркем әдебиет саласындағы ең беделді марапаттардың бірі. Әдеби сыйлық 2002 жылдан бастап әр екі жыл сайын беріліп келеді. Биыл байқауға 2023–2024 жылдары басылып шыққан 339 жинақ ұсынылған.

Тэгтер:

Қытай қазақ қызы мемлекеттік сыйлық