Маңғыстауда қаңғыбас мысық тістеген әйел көз жұмды

Бүгін, 07:48 / Нұрлан Әлинұр
Pixabay

Зардап шеккен әйел мысық тістегеннен кейін құтырма ауруына шалдығып, қаза тапқан. Облыстық санитарлық — эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, әйел уақытында медициналық көмекке жүгінбеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Департаменттің мәліметінше, облыста жыл басынан бері жануарлар тістеген 1300-ден астам жағдай тіркелген. Тоғыз айдың ішінде құтырмаға қарсы вакцина алуға — 1351 адам жүгінген. Оның 52 пайызын балалар, 4,4 пайызын жасөспірімдер, ал 43,4 пайызын ересектер құрайды.

— Көп жағдайда шабуыл жасаушылар — иттер (барлық жағдайдың 64,7 пайызы), ал мысықтардың үлесі — 34,1 пайыз. Иттердің тістеуінен 823 адам, мысықтардың тістеуінен 461 адам, басқа жануарлардың тістеуінен 67 адам зардап шекті, — делінген хабарламада. 

Құтырма ауруына қарсы вакцинаны 801 адам алған, ал 544 науқасқа жарақаттың ауырлығы мен орналасуына қарай жұқтыру қаупі жоғары болған жағдайда қолданылатын иммуноглобулин егілген. Мамандар жануар тістегенде, тырнағанда немесе олардың сілекейі теріге түскен кез-келген жағдайда, тез арада дәрігерге қаралуға және тағайындалған екпе кестесін қатаң сақтауға шақырады.