«Әке болу – абырой»: Жетісуда 400-ге жуық әке бас қосқан форум өтті

Бүгін, 09:21 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы

Жетісу жерінде әке мәртебесін көтеріп, отбасы құндылығын дәріптеуге арналған тағылымды жиын өтті. «AMANAT» партиясының «Қамқор әке» жобасы аясында және «Әкелер одағы» Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен Панфилов ауданы, Жаркент қаласында «Әке – отбасы тірегі» форумы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Форумға ауданның 400-ге жуық ардақты әкесі қатысты. Форумның ресми ащылуында Жетісу облыстық партия төрағасы Арыстанғали Қадырұлы әкенің отбасындағы, ұлт өміріндегі рөлін айшықтап, жиынның маңызын атап өтті.

Форумның аясында Панфилов аудандық мәслихат төрағасы Ерғали Шоқпаров пен Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Ермек Келемсейіт сөз сөйлеп, әке өнегесінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

Алқалы жиында «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Сейдахметов, PhD докторант, «Сен қалаған әке» кітабының авторы Баян Бекетай, актер және блогер Ринат Дошибеков сөз сөйлеп, әке өнегесі мен ұлттық тәрбие тақырыбында мазмұнды ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, отбасында және қоғам өмірінде әкелік өнегесімен танылған азаматтарға Әкелер одағының «Асыл әке» медалі мен «AMANAT» партиясының алғыс хаттары табысталды.

Марапат иелерінің қатарында 7 баланың әкесі Ғабиден Меделбеков, аудандық ата-аналар кеңесінің төрағасы Айдар Бектемір, көп балалы әке Нұрханат Нұрахунов, актер және блогер Ринат Дошибеков және басқа да белсенді азаматтар бар.

–  «Әке – тек отбасының ғана емес, мемлекеттің де тірегі. Әкенің өнегесі мен жауапкершілігі арқылы біз елдің болашағын тәрбиелейміз. Бүгінгі форум – ұлттық құндылықты жаңғыртудың, ұрпаққа рух пен тәрбие дарытудың маңызды алаңы. “AMANAT” партиясы әрқашан отбасы мен тәрбие құндылығын қолдауды басты бағыттарының бірі ретінде қарастырады,» – деді AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.

Жас буын арасында кеңінен танымал актер және блогер Ринат Дошибеков өз ойымен бөлісіп, бүгінгі замандағы әкелік жауапкершілік туралы айтты.

«Бүгінгі заманда балаларымызға телефон мен әлеуметтік желі емес, ең алдымен әкенің мейірімі мен үлгісі керек. Нағыз әке — баласына тек кеңес айтпай, өз ісімен үйрететін тұлға. Біз лайк үшін емес, лайықты әке болу үшін өмір сүруіміз керек,» – деді ол.

Сондай-ақ, «Асыл әке» медалімен марапатталған 7 баланың әкесі Ғабиден Меделбеков өз әсерімен бөлісті.

–  «Бұл марапат — жеке адамға емес, әке атына көрсетілген құрмет деп білемін. Балаларымызға дұрыс бағыт, адал еңбек пен жауапкершілікті үйрету – біздің ең үлкен борышымыз. Әке болу – абырой, сонымен бірге үлкен жауапкершілік,» – деді ол.

Форумда ауданның бірқатар белсенді тұлғалары «Ұлттық құндылықтар академиясының» мүшелігіне қабылданып, арнайы куәліктермен марапатталды.
 Форум жас ұрпаққа жауапкершілік, парасат пен рухани құндылық сіңіруге бағытталған тағылымды шара ретінде қорытындыланды.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы Жетісу әке форум отбасы құндылығы