Қызылорда облысында адасқан балықшылар құтқарылды

Бүгін, 07:56 / Нұрлан Әлинұр
ТЖМ

Қызылорда облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары үш ер адамды аман-есен тапты. Олар Қызылорда қаласынан 75 шақырым жердегі Балапан көліне балық аулауға барып, жолда көліктері бұзылып, кейін жолдан адасып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Балықшылар бүгін ғана байланысқа шығып, басты тасжолға қарай бара жатып бағыттарын жоғалтқанын хабарлаған.

Оқиға орнына ТЖМ құтқарушыларының жедел тобы жіберіліп, іздестіру жұмыстарына дрондар мен кинологиялық топ жұмылдырылды.
Нәтижесінде құтқарушылар үш ер адамды тауып, оларды қалаға жеткізді. Медициналық көмек қажет болған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі елді мекендерден тыс жерлерге шығарда қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді:

ауа райы болжамын алдын ала тексеру;

маршрутты жоспарлап, ол туралы туыстарға немесе 112 қызметіне хабарлау;

жанармай, су, азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алу;

байланыс және қауіпсіздік құралдарын өзімен бірге алып жүру қажет.