15 градус суық: Қазгидромет ауа райы күрт өзгеретінін мәлімдеді

2 қараша, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ертең, 3 қараша күні Қазақстанның 15 өңірінде ауа райының қолайсыз болуына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды  «Қазгидромет» РМК. 

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің бірқатар аймақтарында қар, боран, көктайғақ және күшті жел күтіледі. Кей жерлерде температура минус 10-15°С-қа дейін төмендейді.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қатты қар, төмен боран мен көктайғақ күтіледі. Петропавл мен Көкшетауда түнде 10-12 градус аяз болжанып отыр.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейіп, кей жерлерде көктайғақ пен тұман байқалады.

Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады. Кей таулы аймақтарда жел 20-25 м/с дейін күшейеді.

Алматы және Жетісу облыстарында түнде және таңертең тұман түсіп, кей жерлерде 1-3 градус аяз күтіледі.

Батыс өңірлерде (Атырау, БҚО, Маңғыстау, Ұлытау) түнде және таңертең тұман түседі, жолдарда көру қашықтығы төмендейді.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жолда сақ болуға және жылы киінуге шақырады.