Ақтөбе облысында үлескерлер 6,1 млрд теңге шығынға ұшыраған

31 қазан, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе облысында барлығы 12 проблемалы үлестік құрылыс нысаны анықталған. Олар бойынша 797 жәбірленуші бар, жалпы келтірілген залал көлемі 6,1 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мысалы, «АлашОрда-1» ТҚК және «Aviator Premium» ТК құрылыс салушылары алаяқтық жолмен 200-ден астам үлескердің қаражатын тартып, 1,8 млрд теңгеден астам сомада зиян келтірген.

Облыс прокуратурасының қабылдаған шаралары нәтижесінде биылғы жылы 7 құрылыс компаниясының басшылары 11 нысан бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Мәселен, сот үкімімен «Safina.kz» ТҚК және «СтройСервисРегион» ТК құрылыс салушылары 300-ден астам үлескердің ақшасын алаяқтық жолмен иемденгені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Прокуратура органдары азаматтық тәртіпте 413 үлескердің мүддесінде 8 талап-арыз беріп, тұрғын үй сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару туралы талап қойған.

6 талап-арыз бойынша 285 үлескердің мүддесі қорғалды, ал 3 нысан бойынша 128 үлескердің істері сот қарауында.

Прокуратура тұрақты негізде тұрғын үй құрылысы кезінде халықтың қаражатын заңсыз тарту фактілерін анықтау бойынша мониторинг жүргізеді.

Тэгтер:

Үлескер Ақтөбе облысы құрылыс