Алматы облысында ер адам аудандық аурухананың дәрігерін қорлағаны үшін әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға қыркүйек айының басында Еңбекшіқазақ ауданында болған.
«Ер адам жарақат алған баласына көмек сұрап қабылдау бөліміне жүгінген. Травматолог сүйек сынуы мүмкін екенін айтып, гипс салуды ұсынған. Алайда ер адам бұл ұсыныспен келіспей, наразылығын білдіріп, дәрігерді балағаттап, оның киімінің жағасынан ұстап алған», – деп мәлімдеді сотта.
Бұзақы өз кінәсін мойындап, емдеу жоспарына келіспегендіктен эмоцияға берілгенін түсіндірді.
Травматологтың айтуынша, ер адам қабылдау бөлімінде болған өзге медицина қызметкерлеріне де құрметсіздік танытқан.
Сот ер адамға үш тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енді.