29 қазаннан 30 қазанға қараған түні елордалық әуежайда Scat әуе компаниясының «Астана – Ақтау» бағытындағы рейсі кешіктірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Куәгерлердің айтуынша, ұшаққа отырғызу уақтылы басталғанымен, жолаушылар шамамен бір сағаттан астам уақытты «рукав» ішінде өткізген. Адамдар түсірген кадрларда олардың тар дәлізде тұрғаны, кейбірінің жерге отырып алғаны, балалардың ұйықтап жатқаны, ал ересектердің ауа жетіспеушілікке шағымданғаны көрінеді.
«Біз түн ортасында ұшуымыз керек еді. Өте суық, әжетханаға жібермейді», — деді оқиға куәгерлері.
Scat әуе компаниясының баспасөз қызметі рейстің кешігу себебі жолаушылардың бірі деструктивті мінез-құлық танытқандықтан болғанын түсіндірді.
«Жағдай толық реттелгенге дейін ұшаққа отырғызу уақытша тоқтатылды. Ұшу қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған ішкі рәсімдерге сәйкес барлық қажетті шаралар қабылданды», — делінген әуе компаниясы таратқан хабарламада.
Көлік полициясы басқармасы инцидент ер адамның экипаждың заңды талабын орындамай, жолаушылар отырғызылғаннан кейін өз бетімен ұшақ салонын тастап кетуінен болғанын нақтылады. Бұл әрекет авиациялық қауіпсіздік ережелерін бұзу болып саналады.
Әуе компаниясы өкілдерінің актісі негізінде азамат полиция қызметкерлеріне тапсырылған. Оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 566-бабы бойынша («Әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзу») әкімшілік хаттама толтырылған.