Ақтөбеде апатты үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр

Бүгін, 06:11 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Актөбеде апатты үй тұрғындары түн ұйқысынан айырылғандарын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзіне сенсек, көпқабатты баспананың қабырғалары жарылып, қаптамасы қақырап түсуге шақ тұр. Ал жергілікті билік әлі нақты шара қолданбапты. Мәселенің жай-жапсарын Аlmaty.TV-нің өңірдегі тілшісі анықтап көрді.

Түргенев көшесіндегі екі қабатты тұрғын үй өткен ғасырдың ортасында бой көтерген. Тұрғындар соңғы бес жылда баспаналарының көз алдында қирап бара жатқанын айтады. Шатырын жамап, қабырғаларды бекітуге талпынып баққанымен, нәтиже шықпаған. Ал үйдің дәл іргесінен гүрілдеп өтетін пойыз жүрісі жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген көрінеді.

"Пойыз жүріп өткен сайын үйдің қабырғалары қақырап барады. Бұрын мұндай болмаған, ал қазір жағдай тіпті ушығып кетті. Үйден небәрі елу метр қашықтықта теміржол өтеді. Әсіресе жүк пойыздары өткенде жердің өзі дірілдеп, бүкіл үй теңселіп кетеді. Бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамын", - дейді қала тұрғыны Алена Гумм.

ЖАРНАМА

Баспанада тұру қауіпті болып кетті деген тұрғындар ескі үйдің төбесі опырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтады. Олардың айтуынша, тозған сымдар кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Жұртшылықтың тілегі бір – бұл үйді апатты деп танып, аман-есен басқа жерге қоныс аудару.

"Барлық құжатты өткізіп болдық, бірақ бізге "биыл тізімге енбейсіздер" деп айтты. Бұл үйдің іргесі – саман мен қалың тақтайдан, үсті кірпішпен қаланған. Егер сол кірпіш құласа, астында қаламыз. Жергілікті билік тезірек шешім қабылдаса екен", - деді қала тұрғыны Галина Безделова.

Ал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының айтуынша, бұл баспананың тағдыры тек техникалық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

"Егер бұл үй апатты деп танылса, тұрғындар баспанаға мұқтаждар тізіміне енеді. Ал егер ғимаратқа күрделі жөндеу қажет деп шешілсе, онда мемлекет тарабынан қарастырылған жаңғырту бағдарламалары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі", - деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.

Шешімнің қашан қабылданатыны әзірге белгісіз. Ал тұрғындардың күн сайын үреймен өмір сүруіне тура келеді.

Айта кетейік, бүгінде Актөбе қаласында апатты деп танылған 30 тұрғын үй бар.