«Таза бейсенбі» – тазалыққа үндейтін тұрақты игі дәстүр

30 қазан, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда тазалықты және табиғатпен үйлесімді сақтау жолында азаматтардың күш-жігерін біріктіретін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Осы бастаманы қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізуде.

Акцияның мақсаты аумақтарды тазалау ғана емес, экологиялық мәдениет қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға және ұжымшылдық рухын дамытуға бағытталған. Бұл игі дәстүрге партияластар, жастар, волонтерлер және белсенді азаматтар қосылды. Олар ортақ мақсат төңірегінде топтасып, елімізді жайыл әрі таза ұстауға ұмтылуда.

«Таза бейсенбі» акциясы аясында Ақтөбе облысында орман алқабы қоқыстан тазартылды. Іс-шараға 100-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, мемлекеттік қызметшілер және белсенді жастар бар. Тазалық жүргізу жұмысына 5 техника жұмылдырылып, 6 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қобда-Білтабанов тас жолы жиегіндегі орман алқабында қайың және қарағай өседі. Бұл ағаштар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, ауа сапасын жақсартуға, топырақ эрозиясының алдын алуға және жан-жануарлар өмір сүретін орта қалыптастыруға ықпал етеді.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Түркістан ауданында көшелерді, аулаларды, жаяу жүргіншілер жолын және ауданның жасыл аймақтарын тазалады. Қоқыс арнайы техниканың көмегімен шығарылды. Сондай-ақ экологиялық мәдениеттің мәні және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызы туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, коммуналдық қызметтердің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

«Тазалықты сақтау – азаматтардың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Мұндай игі бастамалар қала тұрғындарын табиғатты аялауға және туған өлкені абаттандыруға үндейді. Бұл – тұрақты экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», – деді Ербол Байқонысов.

Жетісу облысы Қаратал ауданында «Таза бейсенбі» акциясы игі дәстүрге айналды. Әр бейсенбі сайын мұнда ауқымды тазалық жұмысы жүргізіледі: қоқыс, арамшөп жиналады, қоғамдық орындар абаттандырылады. Бүгін акцияға ұйым қызметкерлері, еріктілер мен аудан тұрғындары қатысты. Ауылдарда, тас жол жиегінде, демалыс орындарында және тарихи нысандар аумағында тазалық жұмысы қолға алынды.

Қызылорда облысында «AMANAT» партиясының белсенділері мен волонтерлері Шиелі ауданының орталығындағы Достық аллеясын тазалады. Акцияға партияның 30-дан астам волонтері мен жақтасы қатысты. Олар аумақты қоқыстан тазартып, ағаштарды әктеп, аллеяға күтім жасады.

Ұлытау облысы Ұлытау ауданының тұрғындары мен жастары қоғамдық аумақтарды, аулалар мен балалардың ойын алаңдарын тазалады. Олар ондаған қап қоқыс жинап, сырлау және жөндеу жұмысын жүргізді.

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Қырымбет ауылында көшелерді, ескерткіштер мен мектеп аумағын тазалау жұмысы жүргізілді. Акцияға жастар, тұрғындар және ұйым қызметкерлері қатысты. Олар ондаған учаскені тазалап, ірі көлемді қалдықтарды шығарды.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында үй маңындағы аумақтар тазаланды, құрғап қалған ағаштар мен бұталар жиналды, көгалдандыру жұмысы жүргізілді.

«Тазалық пен тәртіп – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Азаматтар өз ауласын тазалауға шығып, ортақ игі іске деген жауапкершілікті сезінуде», – деді «AMANAT» партиясы Глубокое аудандық филиалының төрағасы Анна Кузецова.

Түркістан облысы Сайрам ауданында Ақпан ата және Көктан ата бұлақтарының аумағы тазаланды. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, депутаттар, филиал қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, жергілікті тұрғындар мен жастар қатысты.

«Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ғана ұран емес, еліміздегі экология мәселесін шешу бағытында жасалған нақты қадам. Былтырдан бері әр апта сайын «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеміз. Биыл 41 учаске тазаланды. Оған партияның 10 мыңға жуық мүшесі қатысты», – деді Алтынсары Үмбетәлиев.

«Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келеді. Оған мыңдаған азамат, волонтерлер және партия жақтастары қосылды. Көшелер, саябақтар, орман алқаптары мен жағалау аймақтары тазаланды. Бұл бастама экологиялық жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да Қазақстанның әр өңірінде абаттандыру, көгалдандыру және жайлы, жасыл әрі таза орта құру жолында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыра береді.