Ақтөбеде полиция қызметкерлері жол апаттарының алдын алу мақсатында жол қозғалысын әуеден бақылау үшін бейнекамералармен жабдықталған дрондарды пайдалана бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазір патрульдік полиция ұшқышсыз аппараттарды қала сыртындағы жолдардың қозғалыс қарқыны тығыз, әрі апаттық қауіпті учаскелерінде қолданып жатыр. Полицейлердің мәліметінше, облыста жыл басынан бері 1 641 жол апаты орын алса, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда орын алған қайғылы жол апаттарының 80 пайызы жүргізушілердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы салдарынан болған. "Қауіпсіз жол" ЖПІШ басталғалы 3 күн ішінде облыс аумағында әуеден бақылау арқылы қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан 60 жүргізуші анықталды.
– Бүгінде Ақтөбеде полиция дрондармен жабдықталған. Бұл құрылғылар, әсіресе қала сыртындағы трассаларды патрульдеуде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Қазір қарсы бағытқа шығып, қауіпті маневрлер жасауға жол берген жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Сонымен қатар, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау барлық қатысушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін еске салудамыз, – дейді Ақтөбе облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.
Еске сала кетейік, жүргізушінің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы жүргізуші куәлігінен алты ай мерзімге айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.