Маңғыстау облысында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері ашық теңізде қайығы аударылып, суға батып кете жаздаған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға «Кендірлі» демалыс базасы маңында болған. Құтқарушылар теңізді бинокль арқылы бақылау кезінде аударылған үрлемелі қайық пен ер адамды байқап қалған.
Қырағылықтың арқасында 1982 жылы туған ер адам құтқарылды. Ол жағаға жеткізілді, медициналық көмек қажет болған жоқ.
Ведомство өңір тұрғындарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды:
- құтқару кеудешелерін пайдалану;
- қайықтарды шамадан тыс жүктемеу;
- мас күйінде теңізге шықпау және су көлігін басқармау.