Павлодар облысында Сібір елігін атқан төрт адам сотталды

Бүгін, 11:56 / Алуа Арман
istockphoto.com

Аққулы аудандық соты Павлодар қаласының төрт тұрғынына қатысты алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз аң аулау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот төрт ер адам Н., Л., Ш. және И. өткен жылдың қараша айында аң аулауға тыйым салынған Аққулы ауданының аумағында жабайы жануарларды аулауға арнайы рұқсатсыз, тегіс ұңғылы шолақ мылтық және 12 калибрлі тіркелмеген қос ауызды аңшы мылтығымен алдын ала қаруланғанын, жабайы жануарларды заңсыз аулау мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен, бұрын Сібір елігін көрген және сол маңды жақсы білетін И.-дың нұсқауы бойынша әрекет етіп, олар Аққулы ауданы Тереңкөл ауылының далалық аумағына кіргенін анықтады.

И. көрсеткен бағыт бойынша жүріп келе жатқан олар қашып бара жатқан еркек Сібір елігін көріп, артынан қуған. Аңшы мылтығын оқтап, атып, Сібір елігіне оқ тиіп, нәтижесінде жануар өлді.

Сотталушылардың әрекеттерімен мемлекетке «Ертіс орманы» РММ МОТР Бесқарағай филиалына 1 384 500 теңге сомасында ірі көлемде залал келтірілген.

Сот төртеуін де кінәлі деп танып, аңшылықпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.

Тэгтер:

сібір елігі аң аулау