Астанада Ержан Бабақұмаров қаза тапты

Бүгін, 10:50 / Інжу Әлихан
gov.kz

Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров Астанада көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұрыннан таныс адамдардың арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды», - деп мәлімдеді Астана қаласының полиция департаменті.

Күдікті ұсталған, қазір уақытша ұстау изоляторында. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда дүниеге келген. 1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «саясат тарихының оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1995-1996 жылдары Қазақстан даму институтының саяси зерттеулер орталығының ішкі саясат бөлімі меңгерушісі болып бастаған.

2018 жылдың желтоқсаны – 2019 жылдың сәуірі – ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі болған.

2019 жылдың 5 сәуірінен 5 шілдесіне дейін – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі қызметін атқарған.

2019 жылдың 5 шілдесінен 2022 жылғы 1 ақпанына дейін Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылы 9 ақпанда  Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып екінші мәрте тағайындалды. Бұл қызметті сол жылдың 2 қыркүйегіне дейін атқарған болатын.