«Ғалам аруы» байқауына Қазақстан атынан қатысатын үміткер белігілі болды

29 қазан, 2025 / Өтей Торғайұлы
коллаж: turkystan.kz

Қостанайлық Дана Алмасова – «Ғалам Аруы 2025» халықаралық байқауында Қазақстан намысын қорғайтын болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы "Қостанай таңы" басылымы жазды. Алматыда  «Ғалам Аруы Қазақстан 2024» атағының иегері Дана Алмасова халықаралық «Ғалам Аруы 2025» сұлулық байқауына қатысуына арналған баспасөз конференциясын өткізді.

БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде «Қазақстан Аруы» ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева, PR-менеджер Құралай Құрман және Дана Алмасова сөз сөйледі.

Биылғы әлемдік байқау Таиландта өтеді, финалдық шоу 21 қарашада жоспарланған. Оған 100-ден астам елдің аруы қатыспақ.

Айжан Рузаеваның айтуынша, «Қазақстан Аруы» ұлттық жобасы – әлемдегі үш ірі сұлулық байқауына ресми лицензиясы бар байқау.

2024 жылы Дана Қостанай атынан қатысып, үздік бестікке енген болатын.

Байқауға дайындық кезінде ол фототүсірілімдер мен дефиле сабақтарымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сабағын өткізіп, экологиялық акцияларға белсене қатысты.
Байқауда Дана табиғатты қорғауға арналған экологиялық жобасын таныстырмақ.

«Менің мақсатым – жер шарын адам әрекетінің зардаптарынан “тыныс алдыру”, экологиялық мәдениетті арттыру. Францияның лавандасын бәрі біледі, ал мен қазақ даласының қызғалдақтарын әлем танысын деймін», – дейді Дана.

Оның ұлттық костюмі де табиғат тақырыбына арналған – жібек пен киізден тігілген, қызғалдақ бейнесімен көмкерілген ерекше киім.

21 жастағы Дана Алмасова – Қостанайдың тумасы, Түркиядағы Анадолу университетінің түлегі. Ол кітап оқуды, өзін дамытуды және жаңа жобалар арқылы шабыт беруді ұнатады.

«Менің басты мақсатым – қазақ қыздарының сұлулығын, ақылын және рухын әлемге таныту. Қазақстанды лайықты таныстырып, үздік елдердің қатарына кіру үшін бар күшімді саламын», – деді ол.

Тэгтер:

Қостанай Тайланд Ғалам аруы