«AMANAT» партиясы депутаттарының атынан депутат Берік Бейсенғалиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында жылумен қамту инфрақұрылымындағы тозу деңгейі қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттардың айтуынша, Риддер, Екібастұз және МАЭК-тегі апаттар «жылу – жай ғана коммуналдық қызмет емес, ұлттық қауіпсіздік элементі» екенін айқын көрсетті.
«Биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ерте басталып, тұтынушыларға жылу берілді. Дегенмен ел бойынша жылу желілерінің орташа тозығы 52%, ЖЭО-лардың 76%-ы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Демек, кез келген елді мекенде апат қаупі бар», – деді олар.
Мәселен, депутаттың айтуынша, Шу қаласында жылу желілерінің тозуы – 70%; Орал қаласындағы ЖЭО – 86%; Қарағанды – 81%; Павлодар – 79%; Арқалық – 70%
«Ескірген желілер жарылып, температура төмендейді, жылу энергиясы ысырап болады. Ал зардабын ең алдымен түпкілікті тұтынушы – қарапайым халық тартады», – деп атап өтті депутаттар.
Депутат айтқан ұсыныстар:
1. Тозығы 60%-дан асқан жылу желілерін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жедел жаңғырту, жылумен қамтуды жеке блок ретінде бөліп, ұлттық жоба мен өңірлік бағдарламалардың үйлесімін қамтамасыз ету.
2. Тозу деңгейі шектен асқан трассалар, ЖЭО мен қазандықтарды қайта жаңарту үшін 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттен мақсатты қаржы қарастыру.
3. Ескірген желілерге түсетін жүктемені азайту үшін энергия үнемдеу технологиялары мен баламалы энергия көздерін қолдануды кеңейту.
4. Жылумен жабдықтаушы ұйымдарға жеке инвестиция тартуды күшейту.
Депутаттар бұл шаралар апат тәуекелін төмендетіп, алдағы маусымдарда тұрақты жылу беруді қамтамасыз ететінін айтады.