Біздің блогерсымақтар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр – депутат

29 қазан, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында әлеуметтік желідегі қауіпті пранктер мен жасанды интеллект арқылы жасалған жалған контенттің зияны көп екенін айтып, қатаң шара қабылдауды сұрады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат пранк атаулының «әзіл шегінен шығып», қоғамдық тәртіп пен адамдардың қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп отырғанын нақты мысалдармен жеткізді. Оның сөзінше, Астанада лифттің ішінде «жалған мәйіт» қойып, жарықты өшірген пранк жұрттың зәресін алған; тағы бір жағдайда лифтіге тапаншамен кіріп, адамдарға кезенген оқиға тіркелген. Алматыда аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақтаған бейнеролик таратылған.

«Желіге желімдей жабысқандар “пранк” деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға қонбайтыны айқын», – деді Сәрсенғалиев.

Ол отандық блогерлердің шетелде де әлгіндей жауапсыз әрекет жасап, ел абыройына дақ түсіргенін айтты.

«Қытайда “ұрлық жасап жатқандай” ролик түсіріп, полицияға шақырылған, артынша Ташкент метросында адамдарға тиіскені жарияланған оқиғалар – “ойыннан омыртқа сынатынын” түсінбейтіндердің айғағы», – деді депутат.

Сәрсенғалиев жасанды интеллект арқылы жасалатын «пранктердің» қауіптілігіне бөлек тоқталды: кейбір роликтерде мемлекеттік тұлғалар «дүкен аралап жүргендей» көрсетіледі, балалар ата-аналарын «үйге бейтаныс адам кірді» деп қорқытады.

«Ондай шақта полиция жалған дабылға алаңданып, шын мұқтажға дер кезінде жете алмауы мүмкін», – дейді ол.

Жуырдағы «24 сағат табытта» атты челлендж де қоғамның қатаң сынына ұшырады.

«Абай: “Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бәрінің өлшеуі бар. Өлшемінен асса, зияны тимек” деген. Ендеше өлшемге өресі жетпеген әрекеттерді заңмен тұсайтын кез келді», – деп түйіндеді депутат.

Ұсыныстар:

1. Қауіпті пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке өмірге қол сұққан тұлғаларды анықтап, бірыңғай тізім жасап, жариялау.
2. Адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққан пранктер үшін кінәлілердің әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау.
3. Әлеуметтік желі әкімшіліктерінен қауіпті контентті анықтап, уәкілетті органдарға жедел хабарлауды талап ету.
4. Жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен нәтиже беретін контент өндіру.

Депутаттың пайымынша, бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тыныштықты қорғап, «әзіл» деп бүркемеленген жауапсыз әрекеттерге нақты тосқауыл болады.

Тэгтер:

Заң Тыйым пранк