Таразда аялдамадан қыз алып қашқан үш жігітке қылмыстық іс қозғалды

29 қазан, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Таразда күндіз көпшіліктің көзінше белгісіз адамдар қызды күштеп көлікке салып, алып кеткен. Оқиға автобус аялдамасының маңында болған және видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қызды некелесу мақсатында алып кеткен болуы мүмкін.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің мәлімдеуінше, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы – “Неке қиюға мәжбүрлеу” бойынша іс қозғалды.

«Үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы ІІМ басшылығының ерекше бақылауында. Барлық қатысы бар адамдарға құқықтық баға берілетін болады», – деді Әлекешев.

Ол атап өткендей, неке қиюға мәжбүрлеу туралы бап Қылмыстық кодекске жақында енгізілген, сондықтан полицейлер оның қолданылуына қатысты түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

«Ішкі істер органдары азаматтардың жеке бостандығына қарсы кез келген қылмысқа, соның ішінде неке қиюға мәжбүрлеу әрекеттеріне қатаң тосқауыл қояды. Жаза бұлтармас принципі толық көлемде қамтамасыз етіледі», – деді министрлік өкілі.

Тэгтер:

Тараз аялдама неке