Таразда қызды күштеп алып қашқан үш жігіт ұсталды

Бүгін, 05:56 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Таразда қоғамдық көлік аялдамасында қызды күшпен көлікке отырғызып әкеткен үш ер адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.Kz baq.kz-ке сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға қарбалас сәтте болған: қыз автобус күтіп тұрған кезде көлік тоқтап, ішінен бірнеше адам шығып, оны күштеп салонына кіргізіп, жылдам кетіп қалған. Көргендер араласуға тырысқанымен, бәрі бірнеше секундтың ішінде орын алған.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, қала тұрғындары арасында наразылық пен алаңдаушылық тудырды.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің мәліметінше, факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша іс қозғалды. Бұл бап жуырда ғана заңнамаға енгізілген.

Үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы ІІМ басшылығының ерекше бақылауында. Барлық қатысушыларға заңға сәйкес түбегейлі құқықтық баға беріледі, – деді Алекешев.

Сонымен қатар, ол азаматтардың жеке бас бостандығына қарсы кез келген әрекетке жол берілмейтінін, мұндай құқық бұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.