Қазгидромет ауа райы қандай болатынын жария етті

Бүгін, 05:17 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

29 қазанда Қазақстанның 15 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің бірнеше аймағында тұман, жаңбыр, найзағай және желдің күшеюі күтіледі. Кей жерлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.

Атап айтқанда, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында түнде және таңертең тұман түседі. Ал Жамбыл мен Түркістан облыстарының таулы аймақтарында найзағай ойнап, желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшеюі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Жетісу облысында және Маңғыстаудың орталық бөлігінде солтүстік-шығыс бағыттағы жел 15–20 м/с дейін жетеді деп болжануда.

Бұдан бөлек, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау және Атырау облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Бұл аймақтарда құрғақ әрі желді ауа райы өрттің таралу қаупін арттыруы ықтимал.

Мамандардың айтуынша, тұман кезінде жолдағы көріну қашықтығының төмендеуі көлік қозғалысын қиындатуы мүмкін. Осыған байланысты жүргізушілерге жолда аса мұқият болу, ал ауылдық жер тұрғындарына өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау ескертілді.

Қолайсыз метеожағдайлар кезінде ауа сапасы төмендеп, көріну нашарлайды. Сондықтан азаматтар өз қауіпсіздігі үшін барынша сақтық шараларын ұстануы қажет, - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен тұман жиі түсіп, ал оңтүстік және батыс өңірлерде жел мен найзағай байқалуы мүмкін. Синоптиктер тұрғындарға ауа райы туралы ресми хабарламаларды қадағалап, сақтық шараларын назардан шығармауға кеңес береді.