«AMANAT» партиясының бастамасымен Маңғыстау облысында екі жаңа цех іске қосылды

28 қазан, 2025 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында екі жаңа өндірістік цех іске қосылды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Республика күні қарсаңында Ақтау қаласында «Новые трубные технологии» ЖШС-нің екі жаңа өндірістік нысанының ашылу салтанаты өтті. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, өңірдің жетекші мұнай-газ компанияларының өкілдері және өнеркәсіптік кәсіпорындардың делегациясы қатысты.

Жиынды ашқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа өндіріс орындарының ашылуы Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жүйелі өнеркәсіптік саясаттың нәтижесі екенін атап өтті.

«Жоғары технологиялық өндіріс орындарының ашылуы өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен жергілікті кадрлардың кәсіби өсуіне жол ашады. Ең бастысы – отандық өндірісті дамыту арқылы еліміздің өнеркәсіптік тәуелсіздігін нығайтамыз», – деді аймақ басшысы.

«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында іске қосылған инвестициялық жобалардың орындалу барысы Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында болды.

«Партияның басты мақсаты – халық алдындағы уәделерді орындау. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Біз партия уәделерінің әр тармағы бойынша жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстап, оның нақты жүзеге асуына күш салып отырмыз»,  – деді ол.

Жаңа өндіріс орындары өңірдің өнеркәсіптік қуатын арттырып, импортты алмастыру саясатын ілгерілетеді. Оның бірі – икемді полимерлі арматураланған құбырлар шығаратын алғашқы локализацияланған инновациялық цех. Бұл жобаға 3,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорын жылына 300 шақырымға дейін құбыр өндіре алады. Өнім мұнай-газ және химия өнеркәсібі салаларының сұранысына сай.

Екінші цех болат және сорап-компрессорлық құбырлардың ішкі бетіне антикоррозиялық жабын жағуға арналған. Жобаның инвестиция көлемі – 5 млрд теңге. Цех жылына 600 шақырымға дейін құбыр өндіруге мүмкіндік береді. Мұндағы өнім мұнай, газ және жоғары қысымдағы химиялық сұйықтықтарды тасымалдау кезінде қолданылады.

Бұл өндіріс орындарында бүгінде 125 адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде тағы 25 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы