Қазақстанда "Радиоточка" сайты жабылып қалды
Қазақстанда "Радиоточка" сайты жабылып қалды
"Радиоточка" сайты 12 сәуірден бастап қаржы қиыншылығына байланысты жұмысын тоқтатты, деп хабарлады "Әділ сөз" ұйымы сайт директоры Бигелді Ғабдуллинге сілтеме жасап. Ғабдуллин Central Asia Monitor газетінде де бас редактор болған еді.
Сайт басшылығымен байланысу мүмкін болмады, бірақ, кейбір мәліметтерге қарағанда, "Радиоточка" жұмысын Central Asia Monitor сайты ретінде жалғастырады.
Tengrinews агенттігі Radiotochka.kz баспагері және Central Asia Monitor газеті бас редакторының кеңесшісі Бигелді Ғабдуллиннің мәлімдемесін жариялады. "Бренд сақталады, енді бұл портал Central Asia Monitor газетінің сайтына айналады. Ал газет сайтын біз жабамыз", - деді ол.
Ғабдуллиннің айтуынша, редакциядағы қаржы мәселелері мемлекеттік тапсырыстарды бопсалау арқылы алуға қатысты сот процесінен кейін пайда болған. Биыл қаңтарда Астана соты Central Asia Monitor газетінің бас редакторы және Radiotochka.kz сайтының баспагері Бигелді Ғабдуллинді кінәлі деп танып, оның еркіндігін бес жылға шектеу туралы үкім шығарған еді. Хабарларға қарағанда, тергеу барысында және сотта ол кінәсін мойындаған және "бопсалаумен алған" ақшасын қайтарған.