Қостанай облысының тоғыз спортшысы Қостанай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасын сотқа берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Істі Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады.
Талапкерлер мемлекеттік органды 2024 жылы Қазақстан Республикасында (Астана қ.) және Грекия Республикасында (Корфу қ.) өткен спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарында жүлделі орын алғандары үшін ай сайынғы ақшалай төлем тағайындау туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу жөніндегі талаппен сотқа жүгінген. Спортшылар Қостанай облысының атынан джиу-джитсу, грэпплинг және гир спорты бойынша халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Сот талқылауы барысында сот қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған спортшылардың ай сайынғы ақшалай қамтамасыз ету алуға құқығы бар екенін анықтады.
Ұсынылған дәлелдемелерді, қолданыстағы заң нормаларын және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қағидаттарын ескере отырып, әкімшілік талап толық көлемде қанағаттандырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.