Астанада тұрмыстық техника сатушысы алаяқтық жасады деген күдікпен қолға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері тұрмыстық техника сататын дүкендердің бірінде жұмыс істейтін 27 жастағы ер азаматты ұстады.
Тергеу барысында оның дүкенге келген сатып алушыларға "тауарды өз бағасынан төмен бағада алып беремін" деп сендіріп, олардың ақшасын жеке есепшотына аудартқаны анықталды.
Алайда күдікті уәде еткен тауарды жеткізбей, қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған. Полицияға бірнеше жәбірленушіден арыз түскен.
Қазіргі таңда оның 4 эпизодқа қатысы бар екені белгілі болды. Бір жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 80 мың теңгеден асады.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, зардап шеккендердің бірқатарына келтірілген шығынды өтеген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға интернет арқылы немесе жеке тұлғалардан тауар сатып алу кезінде барынша сақ болуды ескертеді. Төлем жасамас бұрын сатушының сенімділігіне көз жеткізіп, ақшаны тек ресми жолдармен төлеу қажет. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың "арзан бағада алып беремін" деген уәделеріне сенбеу маңызды.