Қазақстан БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойды

Бүгін, 07:31 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры Бауыржан Әленов бастаған делегация Вьетнам астанасы Ханой қаласында өткен БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл құжат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.

"Қазақстандық тарап Конвенция жобасын әзірлеу барысында ұлттық мүдделерді ұстана отырып, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыру туралы ұсыныстар енгізіп, белсенді жұмыс атқарды. Бұл - Қазақстанның цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, киберқатерлерге қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіреді. Сондай-ақ киберқауіпсіздік саласында басқа елдермен әріптестікті нығайтуда мемлекеттік саясатын іске асырудағы маңызды қадам болды", - дейді ведомство.

Конвенцияға қосылу Қазақстанға:

басқа елдермен электронды дәлелдемелермен жедел алмасуға;

трансшекаралық киберқылмыстарды тергеу кезінде тиімді өзара іс-қимыл жасауға;

азаматтарды интернет-алаяқтықтан, кибершабуылдардан және цифрлық кеңістіктегі өзге де қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді.