21–27 қазан аралығында Қытайда Би білімінің дүниежүзілік альянсы (World Dance Education Alliance) аясында IX Бейжің балет байқауы және Бейжің би академиясының форумы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Байқауда Қазақстанның намысын Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті Әбілмансұр Сырманов қорғады. Финалда ол А. Аданның «Жизель» балетіндегі Альберттің вариациясын және заманауи би нөмірін орындап, алтын медаль иегері атанды.
Байқау қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі балет өнерінің майталмандары – Нина Ананиашвили, Владимир Малахов, Син Лили, Эрик Гильере және басқалары болды. Ал байқаудың кеңесшісі ретінде Сяо Сухуа, Джао Рухенг, Фэн Инг және өзге де танымал тұлғалар шақырылды.
Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бұл жеңіс Қазақстанның әлемдік балет сахнасындағы беделін арттыра түсетін маңызды жетістік екенін атап өтті.
Биылғы байқауға 10 елден келген 57 орындаушы қатысып, әлемнің жетекші балет мектептерін таныстырды.
Студенттердің Қытайға сапары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, CNPC және PetroKazakhstan компанияларының қолдауымен, сондай-ақ Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ықпалдастығымен ұйымдастырылды.