Рекорд: Mercedes-тің жаңа моторы революцияның бастауы болуы мүмкін

27 қазан, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: yasa.com

Лондон маңындағы YASA (Mercedes-Benz Group-тің 2021 жылдан бергі еншілес компаниясы) электр қозғалтқышының жаңа буынының прототипін таныстырып, қуат тығыздығы бойынша бейресми әлемдік рекордты жаңартты: 12,7 кг салмақта қысқа мерзімдік шегі 750 кВт (>1000 а.к.), яғни 59 кВт/кг. Бұған дейін жаз айында сол үлгінің 13,1 кг нұсқасы 550 кВт беріп, 42 кВт/кг көрсеткен еді, деп хабарлайды turkystan.kz yasa.com-ға сілтеме жасап.

Енді сынақ қуатты динамометрде қайталанып, нәтижелер 40%-ға жақсарды. Компания үздіксіз қуат 350-400 кВт аралығында болады деп бағалап отыр. 

«59 кВт/кг деңгейі – келесі буын технологиямыздың айқын валидациясы. Бұл нақты темір, дәл қазір стендте тұр», – дейді YASA негізін қалаушы әрі ТБД Тим Вулмер.

Желіде «Tesla моторынан 7 есе жеңіл» деген пікір айтылып жүр. Ашық дерекке сүйенсек, Model S Plaid алдыңғы моторының өз салмағы шамамен 45 кг. Осыны YASA-ның 12,7 кг прототипімен салыстырсақ, айырма ≈3,5 есе, бірақ 7 есе емес. Бұдан бөлек, Tesla-дағы «платформа» қуаты әдетте үш мотордың жиынтық жүйелік қуаты ретінде беріледі, ал YASA көрсеткіші – бір мотордың шекті/үздіксіз қуаты. Сондықтан салыстыруда өлшем бірлігі мен режимдерін теңестіру маңызды.

Дегенмен, қазіргі рекорд «бейресми» мәртебеде, прототип ұзақ циклді тестерден өтуді жалғастырып жатыр. Деректер – компанияның ресми хабарламасы мен салалық басылымдардың репортаждары. 

YASA-ның осьтік-ағынды моторы қысқа мерзімде 750 кВт-қа шығып, 59 кВт/кг жоспарлы шектен асып түсті. Егер үздіксіз режим параметрлері расталса, бұл жоғары өнімді EV сегментінде салмақ-қуат теңгерімін жаңа дәрежеге көтермек. 

YASA – Mercedes-тің жоғары өнімді осьтік-ағынды технологиясын дамытатын орталығы. Компанияны Mercedes-Benz 2021 жылы толық сатып алған.


 

Тэгтер:

мотор Mercedes революция