Мемлекет басшысының өкімімен Абзал Нүкенұлы Нүкенов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Абзал Нүкенов 1978 жылдың 21 шілдесінде Жетісу облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Саяси ғылымдар кандидаты.
2000 жылы республикалық «Отан» саяси партиясының орталық аппаратында еңбек жолын бастаған. 2005 жылдан бастап Алматы қаласы әкімдігінде жұмыс істеген.
2009–2011 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқарған.
2011–2016 жылдары Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Ситуациялық орталығында сектор меңгерушісі, меңгерушінің орынбасары және орталықтың меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2016 жылдың қараша айында Абзал Нүкенов Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болып тағайындалды. 2018 жылдың тамызында «өз еркімен жазған өтінішіне сәйкес» қызметінен босатылды.
Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалғанға дейін, ол «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.
2025 жылдың қазан айының басында Абзал Нүкенов Парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобының құрамына енді.