Таразда бойжеткенді аялдамадан алып қашып кеткен

Бүгін, 11:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Тараз қаласында тапа-тал түсте аялдамада тұрған қызды көлікке күштеп отырғызып, алып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға куәгерлердің көз алдында болған. Бірнеше адам қызға көмектеспек болғанымен, нәтиже шықпаған.

«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Тараз қаласындағы аялдамалардың бірінде қызды ұрлап кету туралы ақпарат анықталды», – деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеріс жүргізіп, оқиғаға қатысқан барлық адамдар анықталды. Ведомствоның мәліметінше, тараптар бұған дейін бір-бірін таныған және өзара шағымдары жоқ.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, қызды үйлену мақсатында алып кеткен. Алайда қыздың өз еркімен тұрмысқа шығуға келісім берген-бермегені белгісіз.

Полиция қазіргі уақытта жағдайға қолданыстағы заңнамаға сәйкес түпкілікті құқықтық баға беру үшін қосымша тексеру шараларын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Тэгтер:

Тараз аялдама қыз алып қашу