28 қазанда магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуден өтуге өтініштер және докторантураға түсу емтиханына құжаттар қабылдау басталады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Өтініш беру Қазақстан Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы өтеді.
Магистратура
КТ-ға өтініш беру 2025 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау биыл 28 қазан мен 10 қараша аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды. Түсушілер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (10 қарашаға дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру қаласын өзгерту бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады.
ЖАРНАМА
Өтініштерді қабылдау базасы жабылғаннан кейін таңдалған білім беру бағдарламаларының тобы мен тестілеу тапсыру қаласы өзгертілмейді. Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде биыл 14 қарашада қолжетімді болады.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады:
шет тілі бойынша тест;
оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;
білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.
Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл.
Бейінді магистратураға түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл.
Докторантура
Докторантураға түсу емтиханын тапсыруға өтініш беру 2025 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады. Докторантураға түсушілер ДТЕ-ге қатысу үшін өтініш бергенге дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсыруы қажет.
Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.
Түсу емтиханы желтоқсанда өтеді. Түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау базасы жабылғанға дейін (10 қарашаға дейін) өтінішті өңдеуге немесе өшіруге мүмкіндік беріледі. Қосымша тестілеуді өткізу орны, күні мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде биыл 14 қарашада, түсу емтиханы бойынша ақпарат 27 қарашада қолжетімді болады.
Философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді.
Бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша, оның ішінде индустриялық PhD бағдарламалары бойынша докторантураға түсу емтиханы әңгімелесу және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтары бөлімдерінен тұрады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға білім алу үшін түсу емтиханынан кемінде 75 балл, бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша, оның ішінде индустриялық PhD бағдарламалары бойынша докторантураға кемінде 50 балл жинаған тұлғалар конкурстық негізде қабылданады.